"Киелі мекен Қарағаш"

Категория: Новости
Дата: 03.08.2018
Просмотры: 554 Печать страницы

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында І.Жансүгіров атындағы тарихи- өлкетану музейі қызметкерлері "Жетісу өңіріндегі жемісті бақ" атанған әйгілі Мамания мектебінің іргетасы қаланған қасиетті Қарағаш мекеніне "Киелі мекен
Қарағаш" атты экскурсиялық саяхат ұйымдастырды. Экскурсия барысында киелі Қарағаш мекенінде орын тепкен Мамания мектебі жайлы және сол мектептің іргетасын қалаған Маман ұрпақтары жайлы көрермендерге көптеген мағлұматтар берілді.
Ақсу ауданына қарасты Жансүгіров ауылы мен Ақсу ауылын жалғап жатқан күре жолдан Батысқа қарай үш шақырым жерде Жетісу жеріндегі алғашқы дүниетанымдық "Мамания" мектебінің іргетасы қаланған қасиетті "Қарағаш" мекені орналасқан. Бұл қасиетті мекенді Жетісу жерінен шыққан алғашқы кәсіпкер атақты Маман байдың ұрпақтары мекендеген.
1899 жылы осы қасиетті мекенге әкелерінің өсиетін орындау мақсатында Тұрысбек қажы Маманұлы үш кластық мектеп үйін ашады. Маман ұрпақтары 1902 жылы Уфадағы "Ғалия" медресесінің құрылыс жобасы, оқу жоспары және ішкі тәртіп ережелерімен танысып келеді. Верный, Семей, Троицк және Қапал шаһарларынан сәулетшілер алдырып, мұнаралы мешіт пен жаңа типтегі мектепті салуға кіріседі. Бұл құрылыстар 1909 жылы аяқталып, тұсаукесер тойы жасалып, әке аруағын қастерлеген балалары мектептің атын Мамания деп қояды. Мектепте жақсы оқыған шәкірттерге Маман ұрпақтары арнайы стипендия тағайындап Верный, Орынбор қалаларына жоғары оқуларға жіберіп отырған. Оқу орнының алғашқы түлектері Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Бейсенбай Кедесов, Мейірман Ермектасов т.б. белгілі қоғам қайраткерлері болды.